«Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздар шоғырында Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орны ерекше. Ұлттық музыка өнерінің бай мұрасын насихаттайтын ұжым өзінің кәсіби жолын 2021 жылдың 17 маусымында өткен салтанатты «Тұсаукесер» концертімен бастады.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі — ҚР Мәдениет саласының үздігі Өмірбек Қонысбеков, ал бас дирижері — Республикалық байқаулардың лауреаты Жамбыл Мейірбеков. Білікті мамандардың жетекшілігімен ұжым қысқа мерзім ішінде биік белестерді бағындырып үлгерді.
Халықаралық беделі мен жетістіктері:
Оркестр тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де қазақ өнерін жоғары деңгейде таныстырып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатындағы мемлекеттік сапар аясында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Баку қаласында өткен ынтымақтастық кездесуінде өнер көрсетті.
Ұжымның шығармашылық географиясы өте кең. Оркестр әртістері Еуропаның тарихи орталықтары — Рим және Венеция қалаларында, сонымен қатар Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінде өткен мәдени іс-шараларда ұлттық аспаптардың үнін әлемге паш етті.
Бүгінде Қазақ ұлт аспаптар оркестрі — дәстүрлі музыка мен заманауи орындаушылық шеберлікті ұштастырып, халықаралық сахналарда еліміздің мәдени брендіне айналған бірегей ұжым.