Қаратау фольклорлық ансамблі — Оңтүстік өңірінің күйшілік мектебі мен шертпе күй дәстүрін жаңғыртушы бірегей ұжым. Ансамбль 2024 жылы «Шымкент концерт» концерттік ұйымының жанынан құрылды.
Ұжымның көркемдік жетекшісі — Санат Жантілеуұлы Әбілхан. Ансамбль музыкалық мұраны, соның ішінде Сүгір, Төлеген Момбеков, Жаппас Қаламбаев сынды ұлы шеберлердің ізін жалғап, ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі күйшілік пен әншілік өнерді аманат ретінде болашаққа жеткізіп келеді.
Ұжым құрамы және репертуары:
Ансамбль қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын кәсіби деңгейде меңгерген 13 жоғары білікті өнерпаздан тұрады. Құрылғанына аз уақыт болса да, ұжымның репертуарлық қоржыны айтарлықтай бай. Бүгінде ансамбль қорында 70-ке жуық күйлер мен халық әндері бар. Әрбір туынды өңірлік ерекшелікті сақтай отырып, фольклорлық нақышта орындалады.
Халықаралық жетістіктері:
«Қаратау» ансамблі аз уақыт ішінде әлемдік сахналарда бой көрсетіп үлгерді:
* Африка төріндегі өнер: 2025 жылы ансамбль Солтүстік Африка континентіндегі Марокко Корольдігінің Загора қаласында өткен «Халықаралық транссахаралық кинофестиваліне» қатысты.
* Ұжым фестивальдің ашылу және жабылу салтанаттарында, сондай-ақ ауқымды концерттік іс-шаралар аясында өнер көрсетіп, шетелдік көрерменді қазақтың қоңыр үнімен тәнті етті.
Бүгінде «Қаратау» фольклорлық ансамблі — ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеп, қазақтың қасиетті күйлерін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген рухани орталық.